Смайлова Ұлмекен Мұхитқызы
Смайлова Ұлмекен Мұхитқызы (04.04.1965 ж.) - физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент.
Қазіргі кезде «Өрлеу» Біліктілік арттыру ұлттық орталығы АҚ Жамбыл облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында Деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері
1982 жылы Қызылорда облысы Арал қаласындағы № 220 орта мектебін бітірген.
1982-1987 жж. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Математика факультетінде оқып, 1987 жылы осы оқу орнын «2013-Математика» мамандығы бойынша бітіріп, математик-оқытушы біліктілігін алды.
1987-1997 жж. Жамбыл су-құрылысы институтының «Жоғары математика және есептеу техникасы», «Информатика және математикалық модельдеу» кафедраларында ассистент, оқытушы болып жұмыс істеді.
1997-2005 жж. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Есептеу техникасы және программалау», «Ақпараттық жүйелер» кафедраларында аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарды.
2005-2013 жж. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Информатика» кафедрасының меңгерушісі, университет ғылыми кеңесінің ғалым хатшысы және «Компьютерлік жүйелер» кафедрасының доценті қызметтерін атқарды.
1999 жылы Алматы қаласында ДС.К14А01.14 кеңесінде «05.13.16 – есептеу техникасын, математикалық модельдеу және математикалық әдістерді ғылыми зерттеулерде қолдану» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды, 2005 жылы «Ақпараттама, есептеу техникасы және басқару» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын алды.
2013 жылы Астана қаласында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы және Кембридж университеті ғалымдарымен әріптестікте дайындалған Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында тренерлерді оқыту курсын аяқтап, үшінші (базалық) деңгей бағдарламасы бойынша тренер сертификатына ие болды.
Қазіргі кезде «Өрлеу» Біліктілік арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында Кембридж бағдарламасы бойынша мұғалімдер біліктілігін арттырудың үшінші деңгейлі курстарын оқытатын Деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері қызметін атқарады.
Жоғары оқу орындарында қызмет атқарған кезеңдерде «Деректер базасын қолдану», «Программалау: Алгоритм құру технологиялары», «Деректер базасын жобалау және қолдану: ERWIN, INTERBASE/FIREBIRD, DELPHI», «DELPHI ортасында деректер базасын бағдарламалау» атты оқу құралдары жарық көріп, 50-ден аса ғылыми-әдістемелік мақалалары жарияланған, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2008»атағының иегері.