Жаксылыкова Кенжекул Зарлыхановна

26.05.1963 жылы Жамбыл облысында дүниеге келдім. 1970-1980 жылдары Алматы облысы Талғар ауданындағы М.И. Калинин атындағы № 70 ОМ үздік тәмамдадым. 1980 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1984 жылы бітірдім.
Институтта оқыған кезімде математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып, студенттік ғылыми конференцияларда баяндамалар жасадым, студенттер арасында өтетін өре бәйгелерге қатысып, қала мектептерінде педагогикалық іс-тәжірибеден өттім.
Жалпы еңбек өтілім 40 жыл, еңбек жолымды 1984 жылы Алматы облысы Іле ауданындағы № 3 ОМ-те математика пәні мұғалімі ретінде бастадым.
1996 жылы математика пәні мұғалімі ретінде облыстық жарыстың жүлдегері болдым. 1995-2000 ж.ж. – Талғар қаласындағы № 49 және С. Сейфуллин атындағы № 2 ОМ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ал 2000-2008 жылдар аралығында Талғар ауданындағы № 18, № 28 орта мектептерде директор қызметін атқардым.
Білім беру ұйымын басқару қызметі мерзімінде мектепке инновациялық білім беру технологияларын енгізуге, педагогикалық ұжымның ғылыми-әдістемелік жұмысына және білім алушыларға қолайлы орта құра отырып ғылыми жоба жұмыстарына баса назар аудардым. Менің басқаруыммен мектеп пәндік олимпиадаларда, ғылыми жарыстарда ауданның, облыстың үздіктерінің қатарына енді. 2006 жылы № 28 ОМ облыстық «Үздік ауыл мектебі» жарысының Гран При иегері және осы жылы республикалық «Білім ұясы-2006» конкурсының лауреаты атанып, бағалы сыйлықтарын иеленді. Білім алушыларым экологиялық тәрбие саласына қатысты аймақтық, республикалық инновациялық жобаларға қатысып бірнеше рет грант ұтып алды.
Осы кезеңде ғылыми-педагогикалық қызметке де белсене араластым: облыстық және республикалық конференциялар, семинарларға, шеберлік кластарға қатысып, менеджмент, жобалық, инновациялық оқытудың өзекті мәселелері, жеке тұлғаның даму баспалдақтары бойынша мақалалар жарияладым. 2004 жылы Ресей академигі, профессор Г.К. Селевконың басшылығымен Ярославль қаласында жеке тұлғаны дамыту бойынша ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, секция жұмысында тәжірибемді бөлістім. Осыдан кейін ғылымға деген құлшынысымның артқанын байқадым.
Басқарушылық жұмыстарымды мамандарға тәлімгерлік етумен ұштастырдым, нәтижесінде, мансаптық жолдағы өзім тәлімгерлік жасаған көптеген орынбасарларым мен педагогтерім мектеп директоры, мектепке дейінгі білім беру ұйымының меңгерушісі болып қызметтерін жалғастырды.
Басқарған мектептерім облыстық және республикалық біліктілікті арттыру инститиуттарының базалық мектептері болды.
2008 жылы ҚР Білім беру ұйымдарының басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі Республикалық институтынан кафедраның аға оқытушысы қызметіне шақырту алып, жұмысымды ауыстырдым.
2008-2012 ж.ж. - ҚР БжҒМ Білім берудегі басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша Республикалық институттың «Білім берудегі менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы; 2012-2016 ж.ж. - ҚР «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы филиалы ББЖ ҚБАРИ «Деңгейлік бағдаламалар орталығының» халықаралық деңгейдегі тренері, коучы; 2017 ж. бастап ҚР «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ББЖ ҚБАРИ «Менеджмент және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, тренері; 2024ж.ҚР «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы қызметтерін атқардым.
Осы орайда:
· Білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог қызметкерлеріне арналған ондаған авторлық біліктілікті арттыру бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірледім;
· Басшылар және ғылыми-педагогикалық кадрларға арналған республикалық, халықаралық семинарлар, тренингтер, вебинарлар мен дөңгелек үстелдерді ұйымдастырып өткіздім;
· Қазіргі педагогика, инновациялық басқару әдістері мен білім беру ұйымдарын дамыту мәселелері бойынша базалық, тірек мектептермен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздім;
· Біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіруге арналған республикалық жобалар, жаңа бағдарламаларды енгізудің тиімділігін бағалау жұмыстарына эксперт болдым;
· Мектеп директорларына стратегиялық жоспарлау, персоналды және қаржы ресурстарын басқару мәселелері бойынша сындарлы кеңестер берудемін.
Осы жылдар ішінде өзімнің зерттеу нәтижелерімді халықаралық және республикалық конференцияларда көпшілікпен бөлістім, білім беру жүйесін жаңғырту бойынша сараптау топтарының жұмыстарына қатыстым. Отандық және шетелдік рейтингтік халықаралық басылымдарда 30-дан аса ғылыми, тәжірибелік мақалаларым, 20 аса әдістемелік құралдар мен нұсқаулықтарым, практикалық жинақтарым жарық көрді. ҚР педагогтеріне және мектеп басшыларына 300 ден аса біліктілікті арттыру курстарын жүргіздім және бірқатар бағдарламалардың авторымын.
• ШЖМ директорларына арналған «Шағын жинақты мектептің оқу-тәрбие үдерісін басқару» авторлық білім беру бағдарламасы, 2017 ж. (авторлық құқығымен). Бұл бағдарлама филиалдар арасында өткен республикалық байқауда «Үздік оқу-әдістемелік кешен» номинациясында жүлделі орынды иеленіп, сертификатталды.
• Қазақ және орыс тілінде оқытатын орта білім беру ұйымдарының басшыларына арналған «Қашықтан басқару, білім беруді цифрландыру жағдайында оқу үдерісін тиімді басқару және конструктивті жоспарлаудың негізі ретінде» тақырыбындағы мектеп басшыларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы, 2020 ж. (авторлық құқығымен) көпшілік тыңдаушылар көңілінен шығып, жоғары бағаланды және т.б.
2014 жылы «Білім беру ұйымы басшысының құзыреттілігін дамыту жолдары» тақырыбында магистрлік диссертациямды қорғап, педагогика ғылымдарының магистрі атандым.
Әкімшілік-басқарушылық және ғылыми-педагогикалық қызметтегі жетістіктерім үшін, сондай-ақ білім беру, біліктілікті арттыру жүйесінің дамуына қосқан елеулі үлестерім үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен және республикалық әрі халықаралық ұйымдардың Алғыс хаттарымен марапатталдым.
· Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы (2007 ж.), Алғыс хаты (2011 ж.),
· ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хаты және сертификаты (2024),
· «Өрлеу» БАҰО акционерлік қоғамына 10 жыл» мерекелік медалі (2022 ж.),
· «Басқару ойының дамуына қосқан үлесі үшін» Ф. Тейлор атындағы Алтын медаль ҚР Аймақтық Менеджмент Академиясы (2021 ж.), Алғыс хаты;
· «Өрлеу» БАҰО АҚ, ББЖ ҚБАРИ-нің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары (2013-2024 ж.ж.) және т.б.
100 деген шетелдік және отандық біліктілікті арттыру курстарынан, тағылымдамалардан өтіп, семинар, вебинар, мастер кластарға қатысып, кәсіби білімім мен білігімді үнемі жетілдіріп отырамын. Бүгінгі күні халықаралық деңгейдегі сертификатталған және ресертификатталған тренермін.
Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырып, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бастамаларға белсенді қатысудамын. 2021 жылдан бастап «Education Leadership Club» Executive Education Center, KIMEP клубы, 2024 бастап Евразиялық педагогтер ассоциациясы мүшесімін, ҚР ҮЕҰ Академиясының сертификатталған тренерімін, сарапшысымын.
Награды РАМ:
Золотая медаль им. Ф. Тейлора «За заслуги в развитии управленческой мысли»





















